Көкейде көмір мәселесі…

0
712

Бүгінде Алматы облысын газбен жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, биылғы сәуір айына дейін «Алматы -Талдықорған» бағытындағы 265 шақырымға жуық жерге газ құбыры тартылып, облыс орталығы маңынан арнайы газ тарату стансасы салынған болатын. Алдағы бірнеше жылда өңірдегі 1 миллион 400 мың халық тұратын 473 елді-мекенді тегіс көгілдір отынмен қамту көзделген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов жеткізді.
Ол: « Қазірге дейін өңірге газ жеткізу көлемі 23 пайызға жуықтаса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 26 пайыздан асып, 123 елді мекен толық газға қосылады деп күтілуде. Соның ішінде 170 мың халық ірге тепкен Талдықорған қаласындағы газ желісі жүргізілетін аумақ 1200 шақырымды құрайды. Бұл жоба 4 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Жоба құны 22,5 млрд.теңге. Алғашқы адымда 168 шақырымнан асатын аумаққа орналасқан 42 мыңға жуық үй қамтылмақ. Ал, ІІ, ІІІ кезеңде жалпы құны 13,2 млрд. теңге болатын 245,6 шаршы, ІV басқышта 4.4 млрд. теңге қаражат жұмсалып, «Жеміс» тәлімбағы, «Агроөнеркәсіп» аудандары, «Мүшелтой» шағын ауданы, Еркін, Көктал, Пригородный ауылы және Үйтас саяжайы газдандырылатын болады», -деді. Осы орайда, тілшілер одан қазір көмір алудың қиындап кеткенін айтып, енді бұл мәселе қалай шешілетіндігін сұрады. Оған басқарма басшысы: «Жалпы бүгінгі күнде облыста 91 көмір сататын орын бар. Аймақ тұрғындарының сұранысы 1,5 млн. тонна. Қазірге оның 1млн 200 мың тоннасы жеткізілген. Ал, көмір алуды қиындатып, бағаны қолдан қымбаттатуды көздегендерге тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы әрбір аудан, қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілген. Сондай-ақ, осыған дейін күнделікті келетін көмір өте аз болғандықтан жұрт ұзын -сонар кезек күтуге мәжбүр болған. Енді көлік санын көбейтіп күніне 30-35 вагон қатты отын алдыруға қам жасалуда. Бұл мәселе алдағы екі апта ішінде толық шешілмек » -деп атап айтты.
Айдын КӘЛІМХАН.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here