Еркектердің денсаулығын қорғайтын мемлекеттік бағдарлама керек

0
817

Елімізде еркектердің 42 пайызы жыныстық жолмен берілетін ауруға шалдыққан. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ерлердің 56,3 пайызынан түрлі дәрежедегі эректильдік дисфункция белгілері анықталып отыр. Яғни, 30,4 пайыз – ұрықтың бұзылуы, 42,4 пайызы жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауруларға шалдыққан

Демография көрсеткішін арттырамыз деп жүргенде, некедегі ерлердің белсіздігі 16 пайызға жеткен. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, егер елдегі бедеулік 15 пайыздан асса, бұл әлеуметтік-демографиялық мәселеге айналады. Жуырда Астана қаласында «Ерлер денсаулығы мектебі» аясында өткен конференцияда еліміздің бас урологы еркектерге қатысты небір деректерді келтіріп өтті. Біріншіден, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. Екіншіден, әйелдерге қарағанда ерлер қатерлі ісік ауруына екі есе көп шалдығады. Үшіншіден, Қазақстандағы өлім-жітім дерегінде ер-азаматтар алдыңғы орында тұр. Төртіншіден, ерлердің репродуктивті денсаулығын қорғау жөнінде бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жоқ. Мүмкін, осының әсерінен болар, ер азаматтардың 65 пайызы өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайды екен. Айта берсек көп. Жүрекпен, қан қысымымен, гиперхолестеринемиямен, семіздікпен де көп ауыратын – еркектер.

Профессор Алшынбаевтың бастамасымен Урология ұлттық ғылыми орталығы жүргізген скринингтік зерттеуге назар аударсақ. Оған еліміздің барлық аймағынан 26000 ер-азамат қатысқан екен. Зерттеу нәтижесі мынадай: ерлердің 56,3 пайызынан түрлі дәрежедегі эрек-тильдік дисфункция белгілері анықталған. 30,4 пайыз – ұрықтың бұзылуы, 42,4 пайызы жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауруларға шалдыққан. Ал түсті металлургия кәсіпорындарында жұ-мыс істейтін жұмысшылардың 53,2 пайызында репродуктивтік қызметтің бұзылғаны байқалыпты.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде «Ерлер денсаулығы орталығы» ашылған. Аталмыш орталықта уроандрологиялық ауытқулар әсерінен болатын жүрек-қан тамырлары мен эндокриндік патологиялардың деңгейін анықтауға болады. УДЗ диагностикасы арқылы аурудың қай деңгейде екенін біліп, алдын алуға әрекет жасайды. Сәтін салса, 2018 жылдан бастап аталған орталықтарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here