Б. Римова атындағы Алматы облыстық драма театры 43-маусымның шымылдығын жаңа қойылыммен ашты. Жетісулықтар ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай сахналанған “Алаштың Әлиханы” атты тарихи драмасына куә болды.

Премьераға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл күн театрсүйер қауым үшін айрықша  екендігін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа маусымды жаңа қойылыммен бастаған труппаны құттықтап, сәттілік тіледі. Айта кетейік, қойылымның режиссері Қазақстанның халық әртісі, драматург, режиссер Ерсайын Төлеубай. Ал, Әлиханның бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы сомдады.

Аталмыш туынды қазақ халқының қайғы-қасіретіне бей-жай қарамай, ұлт бостандығы жолында  аянбай еңбек еткен Әлихан Бөкейхан  жайында.  Спектакль Әлиханның қызы Лиза мен Смағұл Сәдуақасовтың шаңырақ көтеруімен басталады.  Осы сәтте Кеңес үкіметінің халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ленин мен ұлттар комиссариятының комиссары  Сталиннің Алаш үкіметін мойындағаны жайында ресми хат келеді.Алаш арысы сенімді өкілдеріне мемлекеттік аумақты бекітіп, карта жасауды тапсырады.  Әдебиет пен  мәдениетті де назардан тыс қалдырмайды. Ахмет Байтұрсыновқа “Мықты елдің күші баспасөзінде, үнінде болса, мемлекет тірегі тілінде”,-деп газетті күшейтуге кеңес береді. Қазақ газеті мен театрының   жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне, кәсіби тұрғыда кемелденуіне зор еңбек сіңіреді. Әрдайым елдің адастырмас темірқазығы ретінде “Қытайдың идеясы Конфуций болғанда қазаққа Абайдан артық ой тастап, сөз айтқан адам жоқ. Жаңылмайтын,  жаңылдырмайтын жалғыз Абай”,-деп хакім Абайдың даналығына сүйенеді. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін тер төккен  қайраткер қуғын-сүргінге ұшырап, түрме азабын тартады. Абақтыға қамалып, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткергенде “Елім-айдың” сәулесін көріп, соған  ішкі сырын  ақтарады.

Бұл көркем шығарманың негізгі кілті қазақ даласының жиынтығы “Елім-айдың” бейнесінде десек артық болмас. Себебі, Мәскеуде үйқамақта жатқан қоғам қайраткері елін, жерін аңсап “Елім-аймен” тілдеседі. “Елім-ай” – Ақмарал Тілеуова мен Әлихан Бөкейхан – Кендебай Темірбайұлының ойындарынан ерекше үйлесім тапқан актерлік дуэтті байқадық.  Отанына деген сағынышын ән арқылы басқысы келген кейіпкердің орындауындағы халық әндері бірде құйқа тамырыңды шымырлата, қаныңды тулатса, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, әсем үннің бесігіне бөлеп, құшағында тербете кетеді. Актрисаның әуезді дауыс тембрінен залда өлі тыныштық орнап, пенденің жат жұртта ешкімге керек емес екенін, Отансыз қалған адамның трагедиясын терең түсіндіргендей болды.

Халықтың ұлы перзентінің 150 жылдығы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығы Елбасының тапсырмасы бойынша республикалық көлемде аталып, облыстарда осындай бірқатар мәдени іс-шаралармен айшықталуда. Әлихан Бөкейхан біздің өткеніміз, тарихымыз, егемендігіміздің бастауы екені хақ. Кімде кім өзін, қазақты, өткенін іздесе осы қойылымнан табары сөзсіз. Сол себепті мұндай тарихи, ғибратты қойылымдар өткенді ұмытпау үшін, болашаққа бағдар жасау үшін аса қажет.

Кез келген қойылымды халық назарына ұсынбастан  бұрын әртістер қауымы түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет  кездесетіні белгілі. Біздер, яғни, көрермендер сахна саңлақтарының туындыны бас-аяғы жинақы, Абайша айтар болсақ “жұп-жұмыр” етіп жеткізген шағында куә боламыз.  “Алаштың Әлиханына” жетісулық театр ұжымы қанша уақыт дайындалды? Қызу жұмыс  барысындағы  қиындықтар туралы Ғалия Әмірқамзақызы  “Дайындық жұмыстары маусым айының басында басталып,  премьера өткенге дейін  жалғасты. Мұндай тарихи қойылымды сахналау үшін шығармашылық топқа  көп ізденіс, асқан шеберлік қажет қой. Сол себепті, олар тамыз айындағы демалысты санамағанда үш  ай уақытты репетиция-ға жұмсады. Қойылымның жанры тарихи болғандықтан  нақты кейіпкерлер, тарихи оқиға бар. Олар қиялдан туындаған   болса әлдеқайда жеңілдеу болар ма еді деп ойлаймыз. Сондықтан пьесаны көркемдік кеңеспен қарап, Әлихантанушы, тарихтан хабары бар мамандармен ақылдастық. Кейбір тұстарда  нақты  деректер  болмағандықтан қиындықтар туды. Мәселен, Әлихан Бөкейханның жұбайы  Елена Яковлевнаны сомдаушыларға  қиын болды. Бұл кісі туралы архивтерде мәлімет өте аз, тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Оның табиғатын, бар болмыс-бітімін  ашуда  мәліметтердің аздығы сәл кедергі келтірді. Осындай қиындықтарға қарамастан  екі құрамдағы актрисаларымыз рөлді өте жақсы алып шықты  деп ойлаймын”, — деп атап өтті.

43 жылдық тарихы бар рухани орданың алдағы күндерге деген жоспары қандай? Бұл сауалдың жауабын театр басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Ғалия Темербаева тарқатып берді.

— Театр — ұлттың айнасы. Эстетикалық талғамды қалыптастыратын орын. Көрерменімен сағына қауышқан өздеріңізді 43-маусымның ашылуымен құттықтаймыз. Биылғы маусымда  Жетісу жұртшылығын қандай жағымды жаңалықтармен қуантпақсыздар?

— Рақмет. Өздеріңізге мәлім театрымыздың 43-ші маусымын ҚР Халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Алаштың  Әлиханы» атты тарихи драмасымен аштық. Бұл шығарма Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен есімі күллі елге мәлім зор тұлға Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арнайы қойылды. Алдағы уақытта театрымыздың репертуары қазақ классикасындағы шоқтығы биік бірегей шығармалармен толығады. Атап айтсақ, М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы немесе «Айман-Шолпан» комедиясын сахналау жоспарда бар.Осы орайда көркемдік кеңес жан-жақты талқылауда. Аталмыш екі шығарманың бірін таңдап, талғамы жоғары театрсүйер қауымның назарына ұсынамыз. Осы жыл
біз үшін шығармашылық қарбаласқа толы жыл болды. Әлем классикасының жауһары саналар У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын сахналадық. Бұл спектакльді көрермен қауымы өте жақсы қабылдап, жоғары бағасын берген болатын. Одан кейін А.Ихсанның «Хақ жолы» атты әлеуметтік драмасын қойдық. Бұл спектакль облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының жеке тапсырмасымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында қойылып, облысымыздың бірнеше елдімекендерінде көрермен назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, жазда «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында облысымыздың мәдениет күндеріне орай үш бірдей спектакльді елордалықтардың назарына ұсынып қайттық. Бұл да  театрымыздың тарихына жазылатын айтулы оқиғалардың бірі деуге болады.

— Театрдың кішкентай көрермендеріне  арналған жаңа қойылымдар бола ма?

— Әдеттегідей біздің ұжым алдағы жылы да кішкентай көрермендеріне рухани базарлық дайындауда. Д.Исабековтың «Құстар фестивалі», Р.Киплингтің «Маугли» сияқты ертегілерінің тұсаукесері өтіп, бүлдіршіндеріміз өте жақсы қабылдаған болатын. Осы үрдісті жалғастырып, жуырда  қазақ сахнасында алғаш рет  галактикаға, планеталарға байланысты ертегіні ұсынбақшымыз. Бұл Е.Әбдірештің «Космос құтқарушылары» атты фантастикалық ертегісі. Мұндай тақырыпта кішкентай бүлдіршіндеріміз тек мультфильмдер көрсе, енді театр сахнасынан да тамашалай алады.

 

— Өткен жылы жас әртістерді қабылдағандарыңыздан хабардармыз. Ал, биыл актерлік құрамда өзгеріс бар ма?

— Иә, өткен жылы 10 жас маманды қабылдап, жұмыспен қамтыған едік. Олар бір жылда шығармашылық жағынан өсіп, жетіліп, шеберліктерін шыңдап, өздерін тек жақсы қырларынан көрсетіп келеді. Солардың ішінде Шалқар Мүкен, Асыл Ақтөреева, Біржан Шошабаев сынды жас мамандарымыз басты рөлдерде өздерін жақсы көрсетті. Бұл жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бітірген екі актерді жұмысқа қабылдадық. Алдағы уақытта да шығармашылық құрамды кеңейту жоспарда бар.

— Сұхбатыңызға көп рақмет! Шығармашылық табыстарға жете беріңіздер!

 

Назерке ӘДІЛБЕКОВА.

Суреттерді түсірген Ж. Мұсабеков.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here